Қазығұрт ауданында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында педагог қызметкерлердің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті.
Тамыз кеңесін Қазығұрт ауданының әкімі Исмаилов Азизхан Әзімханұлы ашып берді. Сондай-ақ, Астана қаласынан арнайы келген «Bilim Group» IT Холдингінің ChatGPT Edu жобасының AI-методологы Дүйсенова Бақытжан Жолдасқызы, Түркістан облысы Психологиялық қолдау орталығының басшысы Баймұханбетова Мөлдір Зайнуллақызы, Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Бейсебаева Улжамал Жақсылыққызы өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұстаздарға жаңа ой, тың серпін сыйлады.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы басқосуда өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы, оқушылардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу бағытындағы басым міндеттер талқыланды.
Кеңес аясында білім саласындағы озық тәжірибелер таныстырылып, жасанды интеллектіні білім беру жүйесінде тиімді пайдалану, психологиялық қолдау және педагогикалық шеберлікті жетілдіру бойынша тәжірибелік ұсынымдар берілді. Бұл жаңа оқу жылында білім беру үдерісін жаңғыртуға және педагогтердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
Сонымен қатар, білім саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген педагогтер мен білім беру ұйымдарының басшылары бірқатар мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды.
Тамыз кеңесі – өткенді саралап қана қоймай, алдағы міндеттерді айқындап, білім берудің жаңа мүмкіндіктерін талқылайтын маңызды кәсіби алаң. Қазығұрт педагогтері жаңа оқу жылын тың серпінмен бастап, білім сапасын арттыру жолындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырмақ.
Жаңа 2026–2027 оқу жылы білімдегі жаңа бастамалар мен толағай жетістіктердің жылы болсын!
