ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ КҮШЕЙДІ

Шымкентте 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды. Оның 152 шақырымы – магистралды, 686,6 шақырымы – ішкі орамды желілер. Жалпы желілердің 37 пайызы тозған.

Биыл сәуір айынан бастап жылыту желілеріне гидравликалық сынақ жүргізілген. Соның нәтижесінде 135 ақау анықталып, оның 108-і жойылған. Қалған 27 ақауды қалпына келтіру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда.

Брифинг барысында басшы орынбасары қаладағы жылу нысандарының дайындық деңгейінің жоғары екенін жеткізді. Қаладағы дербес 31 қазандықтың 29-ы, 17 сорғы станциясының 15-і және көп қабатты 2241 тұрғын үйдің 2134-і дайын. Бюджеттік мекемелер бойынша көрсеткіш 100 пайызды құрайды. Оның ішінде 255 білім беру, 90 денсаулық сақтау және 118 спорт, мәдениет, жұмыспен қамту мекемесі жылыту маусымына әзір.

Жылу желілерінің техникалық жағдайын бағалау үшін құбырішілік диагностика да жүргізілген. Жеті учаскедегі жалпы ұзындығы 5 шақырым магистралды желі тексеріліп, жұмыс толық аяқталған.

Бұдан бөлек, магистралды жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта 11,3 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Биыл 890 метр құбыр ауыстырылады.

Қалада жылыту маусымына қажетті 22,1 мың тонна көмір қоры жиналуда. Оның 17,3 мың тоннасы тұрғындарға, 4,8 мың тоннасы бюджеттік мекемелер мен дербес қазандықтарға беріледі. Қазіргі таңда қоймада 10 мың тоннадан астам көмір бар. Негізгі жылу жеткізуші «3-Энергоорталық» АҚ табиғи газ пайдаланады. Резервтік отын ретінде кәсіпорын қоймасында 10 661 тонна мазут сақталған.

Басқарма мәліметінше, 15 қыркүйекке дейін барлық жоспарланған дайындық жұмыстары толық аяқталып, жылу энергетикасы нысандары 100 пайыз дайын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *