Ағымдағы жылдың 20 тамыз күні «Қоғамдық келісім» КММ Сауран аудандық филиалының мамандары «Бір мақсат, бір мүдде» жобасы аясында этнос өкілдерінің арасынан түрлі сала мамандарымен кездесу өткізу мақсатында Ескі Иқан ауылына арнайы барып, елге еңбегі сіңген үлгілі ұстаз, білікті басшы Мамадалиева Махсуда ханыммен мазмұнды кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, этносаралық татулықты дәріптеу, ел бірлігіне үлес қосып жүрген азаматтардың өнегелі еңбек жолын насихаттау және өскелең ұрпаққа тағылымды бағыт-бағдар беру.
Махсуда ханым – ұзақ жылдар бойы білім саласында табанды еңбек етіп, ұстаздық пен басшылық қызметті қатар алып келе жатқан тәжірибелі маман. Оның педагогикалық жолы – білімге деген адалдықтың, жауапкершіліктің, ізденістің және шәкірт тәрбиесіне деген үлкен жанашырлықтың үлгісі.
Кездесу барысында білім мен тәрбие мәселелерімен қатар, бүгінгі қоғамдағы этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың маңызы кеңінен сөз болды. Әртүрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі – еліміздің басты құндылықтарының бірі екені атап өтілді.
Ескі Иқан ауылы – түрлі этнос өкілдері өзара сыйластық пен ынтымақтастықта өмір сүріп келе жатқан елді мекендердің бірі. Мұндай ортада жастардың бойына үлкенді құрметтеу, өзге ұлт өкілінің мәдениеті мен салт-дәстүріне сыйластықпен қарау, туған елге деген сүйіспеншілік және азаматтық жауапкершілік секілді құндылықтарды қалыптастырудың маңызы зор.
Махсуда ханыммен болған әңгіме барысында «Бір мақсат, бір мүдде» ұғымының мәні де айқын көрініс тапты. Өйткені барша қазақстандықтарды біріктіретін ортақ мақсат – елдің тұрақтылығы мен берекесін сақтау, ал ортақ мүдде – бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайту.
Осындай тағылымды кездесулер арқылы қоғамның белсенді азаматтарының тәжірибесін кейінгі буынға жеткізіп, ел бірлігі мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыру – баршамызға ортақ міндет.
Бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, мүддеміз бір болсын!
#БірМақсатБірМүдде
#СауранАуданы
#ЕскіИқан
#ҚоғамдықКелісім
#ЭтносаралықТатулық
#Бірлік
#Ынтымақ
#БіртұтасҚазақстан
