ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАҢА ТҮЗЕТУ КАБИНЕТІ ЖЫЛЫНА 150 «ЕРЕКШЕ» БАЛАҒА КӨМЕК БЕРЕ АЛАДЫ

Түркістан облысының Қарабұлақ ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Түзету кабинеті «Дара» қорының, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының және Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының серіктестігі нәтижесінде ашылды.
Мұнда әрбір «ерекше» бала мен оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, ЕДШ нұсқаушысы, музыкалық-ырғақтық сабақтар мұғалімі және баланың дамуына қолдау көрсететін басқа да мамандар тобынан білікті көмек ала алады.
Түзету кабинетінде қажетті заманауи жабдықтар бар: физиотерапия жаттығуларына арналған кешендер, Монтессори бөлмесі, балама коммуникация құралдары, дидактикалық және әдістемелік материалдар, сондай-ақ баланың дамуына жан-жақты баға беруге және өткізілетін сабақтардың тиімділігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз ету де бар.
«Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін ашу – инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Жыл сайын бір түзету кабинеті әртүрлі диагноздары бар 150-ден астам балаға қызмет көрсете алады. ППТК-де балалар мен олардың отбасыларына қызметтер тегін көрсетіледі. Біздің Қордың қолдауымен бүкіл Қазақстан бойынша, Қарабұлақта ашылып жатқан ППТК-ті қоса алғанда 15 түзету кабинеті және 16 ресурстық орталық ашылды», — дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.
Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының мәліметінше, Сайрам ауданында ерекше білім беру қажеттілігі бар 3 552 бала тұрады, оның ішінде 1 676-сы мүгедек бала.
«Түзету кабинетінің қызметіне деген жоғары қажеттілікті ескеретін болсақ, ерекше баланың отбасына көмектесетін ұйымдар желісін одан әрі кеңейту мәселесі өзекті болып қала береді. Қарабұлақ ауылында ППТК ашылуы барлық балаларға тиімді және кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті «Дара» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова.
Айта кетейік, бұл «Әр алуан – бірақ тең: Қазақстанда инклюзивті қоғам құру» жобасы аясында Түркістан облысындағы «Дара» қоры ашқан төртінші ППТК.
Қарабұлақ ауылындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының, «Дара» қайырымдылық қорының, арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының, БАҚ өкілдері, сондай-ақ балалар мен олардың ата-аналары қатысты.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий