БІЗ ҮШІН ЖАЛҒЫЗ ҒАНА МЕМЛЕКЕТ БАР, ОЛ — ҚАЗАҚСТАН

Loading

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» ұлттық арнасының журналисі Жайна Сламбекке берген сұхбаты арқылы халқымыз ойында жүрген талай мәселерге қатысты жан-жақты, салмақты да тұщымды жауап алды. Сұхбат барысында ел Президенті елімізде орын алған оқиғаларға баға бере отырып, алдағы жасауға қажетті дүниелерді нақтылады.
Қазақстан тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірі — «Қасіретті Қаңтар» оқиғасы бүгінгі күнге дейін халықтың қордаланған мәселесіне атүсті қарамау керектігін көрсетті. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мәселеге жан-жақты қарайтын болсақ, халық наразылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Бұл – ақиқат. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Наразылықтың түп-тамыры осыдан басталды. Бұл мәселе туралы мен Парламентте, басқа да жиындарда айттым. Өкініштісі, азаматтардың наразылығын лаңкестер мен қылмыскерлер пайдаланып кетті», — деп оқиға барысын баяндаған Президент ендігі кезекте «Жаңа Қазақстан» құрудағы негізгі басым-бағыттарды айқындап берді.
​Бір сөзбен айтар болсақ «Жаңа Қазақстан» – Тәуелсіз еліміздің негізгі кредосына айналуы қажет. Дана халқымыз: бетегең кетсе, бел қалар, бірлігің кетсе нең қалар? – деп бекер айтпаса керек. Бұл мәселеге әр Отандасымыз, әр өскелең ұрпақ өзінің үлесін қоспаққа талпынуы керек. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы: «Жалпы, бәріміз еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет», – деп тұжырымдайды.
Тарихтың бір парағы болып қалатын осынау қиын оқиға кезінде саяси тәжірибесі мен біліктілігін орынды қолдана білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір өте ауқымды тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бас прокуратура нақты ақпаратты жүйелі түрде жариялап жатыр. Қандай да бір нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Бұл – өте күрделі мәселе. Қазір тергеу құпия түрде жүргізіліп жатыр. Өйткені, бұл өте ерекше іс болғандықтан біраз уақыт керек. Көп ұзамай халқымызды мазалап отырған сұрақтарға міндетті түрде жауаап беріледі. Бәрі де айтылады. Халықтан ештеңені жасырып қалмаймыз. Қазір тек мына нәрсені ғана айта аламын. Бұл біздің халқымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің тұтастығына төнген қауіп болды», – дейді. Президент сөзінің жаны бар. «Қасіретті қаңтар» трагедиясын Мемлекет басшысы ерекше іс деп астын сызып көрсетеді. Алайда, халықпен сындарлы қоғамдық диалог құру арқылы, ел керегесінің бұзылмай, шаңырағы шайқалмай, егемендіктің еңсесі биік болуы – бәріміз үшін де басты мәселе.

Қазақстанның халықаралық, геосаяси жағдайы да назардан тыс қалмады. Ресейге тәуелді болып қалатын болдық деген ел арасындағы қаңқу сөздерге дипломатиялық түсінікпен дәл жауап берді.
Тәуелсіздік бәрінен қымбат һәм қастерлі екенін, оны сақтап қалу жолында әрбір қазақстандық қажыр-қайратын салып, еңбек етіп, Мемлекетшіл болуы керек. Әлбетте, Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміздің жеткен жетістіктерін жоққа шығара алмаймыз. Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдардағы, ел қалыптасуындағы елеулі еңбектерін бағалауымыз қажеттігін баса айтты. Нақтырақ айтқанда: «Расында, әлеуметтік желіде Тұңғыш Президентіміз туралы әртүрлі ойлар айтылып, жазылып жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір болады. Мен Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет», – деген Мемлекет басшысының Тұңғыш Президент – Елбасыға берген саяси-тарихи бағасын әрбіріміз сана сүзгісінен өтікізе білгеніміз абзал.
Сайып келгенде, жаңашыл қоғам, жаңа талаптар, жаңа көзқарастар –жаһандық прогресске сәйкес біліммен қаруланған, бәсекелестікке бейім жастарды мемлекеттік басқару органдарына тарту уақыт күттірмейтін өзекті мәселеге айналуы тиіс.
Соңғы 2 жыл ішінде біздің М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жастарға білім мен тәрбие беру үрдісін ұйымдастыруда Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін негізге ала отырып, «Бес асыл іс» идеясы аясында тәрбие жұмысын жүргізіп келеді. Сапалы біліммен қатар еңбексүйгіштік, кәсіпке құмар, елжандылық, адалдық пен парасаттылықты ұстану, ұлттық құндылықтарымызды заманауи тұрғыда ұлықтау – бүгінгі жастардың санасына сіңірудегі негізгі тәрбиенің өзегі болмақ. Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда: «Біз үшін жалғыз ғана мемлекет бар, ол – Қазақстан. Бұл – біздің қасиетті Отанымыз. Басқа Отанымыз жоқ. Отанын қорғау, халқының амандығын сақтау – әр азаматтың борышы. Осыны ұмытпауымыз керек. Қазақ елі жасай берсін!

ҚОЖАМЖАРОВА ДАРЬЯ ПЕРНЕШҚЫЗЫ
Мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий